Жарияланған күні: 15.04.2022 17:36
Өзгертілген күні: 15.04.2022 17:42

2022 жылғы 14 сәуірде қазақстандық тараптың бастамасы бойынша бейне-конференц-байланыс режимінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Халықаралық ынтымақтастық басқармасының басшысы Е.Қожабергеновтың Қытай Халық Республикасы Бас кедендік басқармасының Бақылау департаменті директорының орынбасары Ся Цзюнмен келіссөздері өтті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мен Қытай Халық Республикасының Бас кеден басқармасы арасындағы «CTOP» (Customs and Train Operators Partnership)  жобасын ілгерілету мәселелері талқыланды.

Е.Қожабергенов Қазақстан тарапы ҚХР-мен кедендік ынтымақтастыққа ерекше мән беретінін айтып, 2021 жылғы 12 қарашада өткен ҚР-ҚХР Ынтымақтастық жөніндегі комитетінің Кеден бекеттері арасындағы ынтымақтастық және кеден ісі бойынша Кіші-комитеттің 11-ші отырысының нәтижелері бойынша қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылуына назар аударды. 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Электрондық декларациялау департаментінің «электрондық декларациялау орталығы» басқармасы басшысының орынбасары Г.Әлиасхарова қытайлық тараптың делегаттарын мәліметтерді салыстыру жөніндегі жұмыстардың нәтижелерімен таныстырды, сондай-ақ Техникалық ерекшелік жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуді ұсынды.

Ся Цзюнь қазақстандық тараптың ұсыныстары мен ескертулерін қарауға дайын екендігін білдірді, сондай-ақ жоба өзінің тиімділігін көрсететінін және тауарларды теміржол көлігімен тасымалдау процестерін автоматтандыруға және ҚР-ҚХР тауар айналымын арттыруға жәрдем көрсететінін атап өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар елдер арасындағы кедендік ынтымақтастық достық негізде құрыла беретініне, ал қабылданған шешімдер жан-жақты өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.