
Бүгін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті ағымдағы жылдың 1-жартыжылдығы бойынша өз қызметін қорытындылады.
ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі Е.К. Жамаубаевтың төрағалығымен өткен алқа отырысына Аппарат басшысы Е.Қ. Егемберды, Қаржы вице-министрі Е.Е. Біржанов, сондай-ақ МКК төрағасы Д.Е. Жанәлінов, Комитеттің басшылық құрамы мен аумақтық мемлекеттік кірістер департаменттерінің басшылары қатысты.
Отырыс барысында Комитет төрағасы Данияр Жанәлінов пен төраға орынбасарларының ведомство қызметінің негізгі бағыттары туралы баяндамалары тыңдалды.
2023 жылдың 1 жартыжылдығының қорытындысымен өткен 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда салық түсімдері 1,8 трлн. теңгеге (25,5%), оның ішінде республикалық бюджетке 1,2 трлн. (25,6%) және жергілікті бюджетке 598 млрд. (25,4%) теңгеге артық түскен.
Бүгінгі күні жеке және заңды тұлғаларға 42 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі, оның ішінде 38-і электронды түрде.
1-жартыжылдықта 12 млн. мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның ішінде 99,3%-ы электронды түрде. Нәтижесінде Қызмет көрсету орталықтарына адамдардың келуі 20%-ға қысқарған.
Ерұлан Жамаубаев өз сөзінде "көлеңкелі" экономиканы төмендету және салықтық-кедендік әкімшілендіруді одан әрі жетілдіру, оның ішінде оны цифрландыру арқылы, кешенді шаралар қабылдау есебінен бюджеттің кіріс бөлігін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың банкроттығы, жалпыға бірдей декларациялау, елден капиталды шығаруға жол бермеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі алдағы міндеттерді айқындап, Комитет қызметін жақсарту жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді.