Жарияланған күні: 11.09.2023 21:06
Өзгертілген күні: 11.09.2023 21:10

Қазақстанда Отбасы күні жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі.

Бұл мерекені белгілеудегі мақсаттардың бірі – отбасылық қарым-қатынасты нығайту, өскелең ұрпақты тәрбиелеу.

Отбасы күнін мерекелеу аясында МКК кәсіби шеберлікті ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін еңбек отбасылық әулеттері туралы материалдармен бөліседі.

Қожаев Төреғұл Қанатұлы 1921 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Көкарал ауылында дүниеге келген. Семей қаржы техникумының түлегі.Ұлы Отан соғысы жылдарындағы тыл еңбеккері.

1945 жылдан Арал аудандық қаржы және мемлекеттік кіріс бөлімдерінде салық инспекторы, салық бухгалтері қызметтерін атқарып, 1981 жылы зейнеткерлікке шыққанына қарамастан, 1986 жылға дейін осы салада табан аудармай 41 жыл еңбек еткен. Көп жылдық тәжірибесінің негізінде бірнеше ұрпақ шәкірт тәрбиелеген.
Ауданның салық саласын дамытуға ерекше еңбек сіңірген, елді мекендерді жер, су, әуе арқылы көліктермен аралап жүріп, уақытылы салық жинастыруда өзінің мол үлесін қосқан.

Қожаев Т. «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл, 65 жыл, 70 жыл» мерекелік медальдарымен, «Қазақстан қаржы, жоспарлау, банк жүйесіне 90 жыл» мерекелік медалімен, Қазақстан Ардагерлері қауымдастығы «Батыр шапағаты – Бауыржан Момышұлы» медалімен марапатталған.

Төреғұл Қанатұлы зайыбы Тұрғанкүл екеуі отбасында сегіз бала өсіріп, 25 немере, 40 шөбере сүйді. Қожаев Төреғұл 2020 жылы 100-ге қараған шағында өмірден өтті.

Салық саласының мамандарын тәрбиеледі. Немересі Қанатова Жанна Мырзағұлқызы 1998-2018 жылдары Жамбыл облысы бойынша Салық комитетінде салық инспекторынан бөлім басшысына дейін қызмет атқарып, 2018 жылдан ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінде, қазір МКК «Байланыс орталығы» басқармасының бас сарапшысы. Тағы бір немересі Қанатов Талғат Мырзағұлұлы 2000-2007 жылдары Қызылорда облысы Арал ауданы бойынша Салық комитетінде қызмет атқарды. Үшінші немересі Қожаев Нұрболат Мырзағалиұлы 2002-2007 жылдары Алматы қаласы Әуезов ауданы бойынша Салық комитетінде қызмет атқарды.

Немерелері ата жолын жалғап, салық жүйесінде жұмыс істейді.