
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ
МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті «KLASSIK-2» компаниясының тауарларды контрабандалық жолмен өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді жүзеге асырды.
Тергеу барысында 2015 жылғы 1-28 тамыз кезеңінде Қытай аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына «Klassik-2» компаниясы 37 жүк автокөлік құралымен жасанды құжаттармен халық тұтынатын тауарларды әкелгені анықталды.
«Классик-2» компаниясының өкілдері барлық тауарға ҚХР-дың жасанды экспорттық декларациясын, инвойстарды және тауар-көліктік жүкқұжаттарды жасап оларды қытайлық компания мөрінің бедерлерімен заңсыз түрде бекіткен. Көрсетілген жасанды коммерциялық және көліктік құжаттарды «Классик-2» компаниясының өкілдері кеден органдарына ұсынған және тауардың атауы, салмағы, саны және құны туралы жалған мәліметтер көрсетілген кедендік декларацияларды мәлімдеген.
Олар «Достық» кедені арқылы кірген, онда «Классик-2» компаниясының өкілдері кедендік транзит рәсімі бойынша жоғарыда аталған автокөліктерден тауарларды 15 теміржол вагонына қайта тиеген, бұл ретте, тауарлардың бір бөлігі кедендік баж бен салықты төлеместен Қазақстанның аумағында қалған.
Мемлекеттік кірістер комитетінің қызметкерлері Ақтау қаласында 15 вагондағы контрабандалық тауарды ұстады. Жүргізілген қарап тексеру іс жүзінде анықталған тауарлардың кедендік декларацияда көрсетілген тауарларға толықтай сәйкес келмейтінін көрсетті.
Мәселен, көп мөлшерде декларацияланбаған және дұрыс емес декларацияланған тауарлар табылды, сондай-ақ әлемдік брендтердің контрафактілі тауарлары анықталды.
Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы заңсыз өткізілген тауарлардың жалпы сомасы 1 млрд. 126 млн. 578 мың 159 теңгені құрады, оның ішінде декларацияларда көрсетілмеген тауарлардың сомасы 304 млн. 996 мың 192 теңгені құрады.
03.05.2017 ж. Қазақстан Республикасы Жоғары сотының қылмыстық істер бойынша қадағалау сот алқасының шешімімен «KLASSIK-2» компаниясының өкілі Бархударов Н.Р. ҚР ҚҚ 234-бабының 1, 4 және 5-т. 2-бөлігі (экономикалық контрабанда), 385-бабының 2 және 3-бөліктері бойынша кінәлі деп танылды, ҚҚ 58-бабының 2-бөлігінің негізінде оған контрабандалық тауарды тәркілей отырып, 3 000 АЕК көлемінде айыппұл түрінде жазалау түпкілікті түрде тағайындалды.
ҚР Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі
(Бейбітшілік 10)