
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ
МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Депутаттар «Астана –Кедендік рәсімдеу орталығы»
кеден бекетіне келді
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті «Астана –Кедендік рәсімдеу орталығы» кеден бекетінің жұмысымен танысты. Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина мекеме басшылығымен кездесу барысында шараның басты мақсаты мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапалық сәйкестігі мен мемлекеттік кіріс органдары қызметкерлерінің кедендік бақылауды жүзеге асыруын қарастыру екенін атап өтті. Сенатордың айтуынша, кездесу маңызды мәселелерді көтеруге және таяуда Парламентте қаралатын жаңа Кеден кодексінде қарастыру қажет болатын ұсыныстарды айтуға мүмкіндік береді.
Кеден бекетінің басшысы Талғат Жаңбырбаев сенаторларды кедендік рәсімдеудің жаңартылған орталығымен таныстырып, кедендік тазалау жөніндегі мемлекеттік қызмет көрсету үдерісіндегі жаңа әдістер туралы айтты. Меймандарға осы нысанның негізгі көрсеткіштері бейнеленген интерактивтік табло көрсетілді. Депутаттар мемлекеттік баж мен салықтарды пластик карточкалармен төлейтін төлем терминалдары, тауарлар бойынша бағалар жүйелі түрде жаңарып тұратын ақпараттарға қол жеткізуге болатын компьютер орнатылған аймақты қарап шықты.
Шара бағдарламасы бойынша сенаторлар «Қазпочта» акционерлік қоғамының халықаралық пошта жөнелту бөлімшесінің жұмысымен және көлік-логистика орталығының инфрақұрылымымен де танысты. Кездесу барысында депутаттар жаңадан енгізілген Астана-1 ақпарат жүйесі алғашқы жобасының нәтижелеріне, тауарлар импортын ұлғайту немесе азайтуға, импорт тауарларға сертификат беру жөніндегі регламентке, кеден баждарының төлемін кейінге қалдыруға, сыртқы экономикалық қатынастарға қатысушыларды тіркеудегі өзекті мәселелерге, бизнес үдерістерін оңтайландыруға қатысты бірқатар сауалдар қойды.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында және де «Ұлт жоспары 100 нақты қадамның» 65 қадамын іске асыру мақсатында, Қазақстанда көліктік-логистикалық орталық «Қазақстан темір жолы» АҚ бастамасымен мультимодалды көлік дәлізін және заманауи логистикалық инфрақұрылым құрылған болатын. Бұл жоба мемлекеттік пен жеке әріптестік қағидаттары негізінде іске асырылды, бюджеттен қаражат бөлінбегендігі маңызды болып табылады. Кедендік операциялардың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында күту аймағында тұтынушыларға экрандар шығарылды, онда кедендік жүктерді бақылау процесін онлайн-режимінде қарау мүмкіндігі бар. Жаңа Кедендік ресімдеу орталығының ең басты артықшылығы бір тұтас инфрақұрылымдық жүйеде болуы. Барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, тауарлардың импорты мен экспорты процесі бір жерде орналастырылып іске асырылуы ыңғайластырылған. Бұнда ветеринарлық, карантиндік, фитосанитарлық қызмет, сертификаттау орталықтары, көліктік бақылау және Қазпошта бөлімшелері, сақтандыру қызметтері және кедендік брокерлер жиыстырылған. Бұрын бұл қызметтерге көп уақытты қажет етіп, бизнес тарапынан әділ сын айтылды. Қазіргі уақытта бірыңғай нүктесінде барлық қызмет көрсету шоғырланған, Қазақстанда кедендік және логистикалық инфрақұрылымның мұндай баламасы жоқ.
ҚР Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі
(Жеңіс даңғылы, 11)