Жарияланған күні: 01.08.2018 18:45
Өзгертілген күні: 02.08.2018 10:40

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ

МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

БАСПАСӨЗ РЕЛИЗІ

 

Жолдау талаптары: орындалуы және жаңа міндеттер

 

        Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Серік Жолдасбекұлы Мұстафаев «ҚР Президентінің Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын мемлекеттік кірістер органдарының алдындағы міндеттер және олардың 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында жүзеге асырылуы» тақырыбында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг берді.

        Спикер мемлекеттік кірістер органдарының алдына қойылған  еліміздің  2050 жылға дейінгі даму стратегиясына негізделген басым  бағыттардың бірі – бірте-бірте электронды форматқа көшу, сол арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін жеңілдету, оны алушыға қолайлы жағдай жасау мақсатына тоқталды. Жолдау аясындағы  жобалардың бірі «Салықтың жиналуын көтеру» бойынша жұмыс қарқынына есеп берді.

        Қызылорда облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында шоғырландырылған бюджетке 151,5  млрд.теңге түсім түсуін қамтамасыз етті, бұл  өткен жылдың осы кезеңінен 45,8 млрд. теңгеге артық.  Оның ішінде мемлекеттік бюджетке түсірілгені 61,3 млрд. теңге.

         Республикалық бюджетке түсірілген салық көлемі 33,5 млрд.теңге, өткен жылдың осы кезеңінен 6,6 млрд. теңгеге артық (орындалуы 103,4%), жергілікті бюджетке түсім – 27,8 млрд. теңге болып құралды, өткен жылмен салыстырғанда 9,7 млрд.теңгеге артық  (115,7%).

         Өсімге қол жеткізудің негізгі себептері облыстың макроэкономикалық көрсеткіштерінің жақсаруы: өңдеу өнеркәсібі өнімдері (100,5%), құрылыс көлемі (115,9%), ауыл шаруашылығы өнімдері (102,7%) өсті. Кіші кәсіпкерлік субьектілерінің саны, 2017 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, 2664-ке немесе 6,4%  артты.

         Салықтық және кедендік әкімшілендірудің күшейтілуі арқасында 14,2 млрд. теңгенің қосымша кіріс көздері қамтамасыз етілді.

         Бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерудер саны, 2017 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, 46% азайды, тексерулер нәтижесімен 8 млрд. теңгенің қосымша салықтары есептеліп, алдыңғы жылдардағы сомаларды қосқанда 10,4 млрд. теңге өндірілді.

         Салық төлеушілердің салықтық міндеттемелерін өз еркімен орындауына қол жеткізу маңызды. Камералдық бақылау нәтижесімен  6 айда 6,7 млрд.теңге қосымша есептелді.

         Биылғы жылдың жаңалықтарының бірі – IV деңгейлі бюджеттің енгізілуі.   IV деңгейлі бюджеттің қалыптасуы жергілікті өзін өзі басқаруды дамытуға бағытталған, ауыл, аудан халқының мүддесі үшін жасалған әлеуметтік маңызды шара. 2018 жылдан бастап Бюджеттік кодекстің 8 тарауы 52-1 бабымен толықтырылып, түсімдердің аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ бюджеттері арасында бөлінуі белгіленді. Облыстағы  2000-нан астам тұрғыны бар 65 ауылдық округ бойынша бірінші жартыжылдыққа 484 млн.теңге бюджет қалыптасты, яғни болжамды түсімнің орындалуы  137,6%.

         Сонымен қатар, қызмет көрсетудің электронды форматқа көшуі де бюджетті нығайтудың белгілі бір тетіктерін қамтамасыз етуде. Мысалы: электронды шот-фактура жүйесін қолданушылар қатары өсіп келеді. Қазіргі кезде бұл жүйені 3770 заңды тұлға, 3391 дара кәсіпкер және 8409 жеке тұлға, барлығы 15 570 тұлға қолданып отыр.

         Кедендік декларациялаудың «АСТАНА-1» ақпараттық жүйесі де қазіргі кезде толықтай қолданыста.  2017 жылдың қазан айынан бастап «транзит» модулі тәжірибеге енгізілген: содан бері 2035 транзиттік декларация осы жүйеде өңделді. 2018 жылдың 1 қаңтарынан эскпорт режимі, ал 1 сәуірден бастап барлық басқа режимдер электронды жүйеге көшті. 2018 жылдың 6 айында 1198 декларация электронды түрде ресімделді («экспорт» - 500, басқа режимдер - 698).

         Тауарды босату тәртібін, яғни «жасыл», «сары» немесе «қызыл дәлізді» жүйе өзі таңдайды. «Қызыл дәлізге» түскен тауарға қойылатын кедендік бақылау түрін де ақпараттық жүйе көрсетіп береді. Айта кетуге болады, бірінші жартыжылдықтағы кедендік қарап тексерулердің тиімділігі 27% болған (болжамды тапсырма 12%).

         Жұмыстың тиімділігін арттыруда экономикалық қылмыстармен күресуді ұйымдастырудың да ролі басым.  Департаменттің Экономикалық тергеу қызметінің қаржы, салық саласындағы құқықбұзушылықтарды анықтау тәжірибесі айтарлықтай. Жыл басынан бері Департаменттің өндірісінде 184 істің сотқа дейінгі өндірісі жүргізілді. 122 іс (66,3%) аяқталып, 68 іс сотқа жолданды. Мемлекет бюджетіне келтірілген залал көлемі 1,2 млрд.теңгеге бағаланса, 218 млн. теңгенің қаражаты қалпына келтіріліп, 2 млрд. теңгенің мүлкіне арест қойылды.

          Облыстың мемлекеттік кірістер органдарының жартыжылдықтағы негізгі көрсеткіштерін қорытындылай келе, Департамент басшысы сандық технологияны меңгерумен тығыз байланысты жаңа мүмкіндіктер, жаңа форматтар деңгейіндегі жобалар бойынша қатысушыларды ақпараттандырды.

         Көлеңкелі экономикаға қарсы тұрудың бір тетігі – 2020 жылдан енгізілетін жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне тоқталды. Бұл жүйені енгізудегі мақсат - жеке  тұлғалардың табыстары мен мүліктерін тиімді бақылауға қол жеткізу. Салықтық әкімшілендіруді барынша толық қамтуға мүмкіндік береді деп белгіленіп отырған 250.00 нысанды «Жеке тұлғаның активтері мен міндеттемелері туралы декларациясындағы» жеке тұлғалар көрсетуі тиіс барлық жылжымайтын немесе жылжитын мүліктердің тиісті тіркеу деректері үлгіде көрсетілді. Оған жердің кадастрлық нөмірі, орналасқан мекен-жайы, автоколіктің маркасы, vin-коды, қозғалтқыш көлемі, мемлекеттік нөмірі, банктегі қаражат сомасы немесе қолдағы қаражаты, иелігіндегі жеке мүлкі мен шетелдегі мүлкі, заңды тұлғаларға қатысты құрылтайшы болуы немесе қатысу үлесі сияқты деректер толтыруға жатады. Декларацияны Қазақстан Республикасының кәмелетке толған азаматтарының барлығы тапсырады. Ал, Қызылорда облысында шамамен 400 мыңнан астам адам тапсырады деп күтілуде.

Осы орайда, тиісті деректер қорын салыстырып тексеру бойынша құзыретті органдар арасында үлкен жұмыс жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

 

ҚР Қаржы министрлігі

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

(Жеңіс даңғылы, 11)