
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Баспасөз релизі
2016 жылғы 1 тамызға Қазақстан Республикасында 2 трлн. теңге жария етілді
2016 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша барлығы 2 трлн. теңге жария етілді, бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Даму және жаңғырту департаментінің директоры Ержан Біржанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында хабарлады.
Айтылған сома ҚР аумағында орналасқан мүлік бойынша 93 053 объект және 746,9 млрд. теңгеге жария етілген бағалы қағаздарды, сондай-ақ шетелдегі 100 объекті мен 4,9 млрд. теңгеге бағалы қағаздар түріндегі мүлікті қамтиды. Бұдан басқа 1 257,7 млрд. теңге сомасында ақша жария етілді.
ҚР ҚМ МКК сарапшылары, Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бес институционалды реформаны іске асыру жөніндегі Ұлт жоспарының 41-қадамын іске асыру шеңберінде өткен жылғы қарашада «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасының азаматтарына, оралмандарға және Қазақстан Республикасында тұруға ықтиярхаты бар адамдарға олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды, осыған байланысты өткен жылғы желтоқсан айынан бастап мүлікті жария етудің шарттары оңайлатылып, жария ету субъектілеріне қосымша кепілдіктер ұсынылғанын атап өтті.
Жария ету – әлемдік практикада жаңалық емес. Барлық елдерде капиталды көлеңкеден шығару мәселесі аса өзекті мәселе болуына байланысты, Еуропаның бірқатар елдері, АҚШ-тың көптеген штаттары аталған акцияны бірнеше рет өткізуде.
Қорытындылай келе, спикер акцияның бүкіл кезеңі ішінде өз мүлкін жария ету үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға 100 мыңға жуық азамат жүгінгенін айтты.
Мүлікті жария ету акциясы 2014 жылғы қыркүйектен бастап 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейін жүргізілетінін еске саламыз.
Қосымша ақпараттар үшін ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің Баспасөз қызметіне pressa@mgd.kz электрондық пошта
арқылы хабарласуға болады.