Date of publication: 03.08.2022 11:57
Date of changing: 03.08.2022 11:58

Шетелдік азамат Қазақстаннан алтын пластиналарды шығаруға тырысты. Оған әкімшілік айыппұл салынады. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.

2022 жылғы 23 шілдеде Алматы қаласындағы халықаралық әуежайының ұшу залында  «Жетісу» кеден бекетінің қызметкерлері шекара қызметімен бірлесіп, «Алматы-Ыстамбұл» әуе рейсімен ұшып шыққан, жалпы салмағы 319 грамм құрайтын 10 дана сары металдан жасалған пластиналарды алып бара жатқан АҚШ азаматын ұстады. ҚР ҚМ МКК Орталық кеден зертханасы жасаған сараптама нәтижесіне сәйкес, табылған тауар «аффинирленген алтын» ретінде айқындалды.

Шетелдік тұлғаға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тыйым салулар мен шектеулерді сақтамай, тауарларды өткізгені үшін ҚР ӘҚБтК-нің 545-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Бұл үшін жеке тұлғаларға тауарлар тәркіленіп немесе тәркіленбей, он бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.