
Бақылау-кассалық машиналарын (бұдан әрі - БКМ) қолдану тәртібі "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі - Салық кодексі) 165-169-баптарында айқындалған.
Қазақстан Республикасының аумағында ақшалай есеп айырысулар үлгілері Мемлекеттік тізілімге енгізілген деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ міндетті түрде қолданыла отырып жүргізіледі.
Ақшалай есеп айырысулар-тауарды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету үшін қолма-қол ақша және (немесе) Төлем карточкаларын пайдалана отырып есеп айырысулар арқылы жүзеге асырылатын есеп айырысулар.
Электрондық нысанда дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінде тұрған жеке тұлғаның, жеке практикамен айналысатын адамның, заңды тұлғаның пайдасына мобильді қосымша немесе төлемдерді қабылдауға арналған өзге де жабдық (құрылғы) арқылы алынатын тауарды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны, қызметтер көрсеткені үшін ақы төлеуге бастамашылық жасалған қолма-қол ақшасыз төлемдер мобильді төлемдер деп танылады. штрих-кодты қолдану.
Бақылау-касса машинасы дегеніміз не?
Бұл:
- деректерді беру функциясы жоқ фискалдық жад блогы бар электрондық құрылғы,
- деректерді бекіту және (немесе) беру функциясы бар (жоқ) аппараттық-бағдарламалық кешен,
- деректерді бекіту және (немесе) беру функциясы бар электрондық құрылғы,
- тауарларды сату, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету кезінде жүзеге асырылатын ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты тіркеуді және көрсетуді қамтамасыз етеді.
БКМ-ді кім қолдануы керек?
Қазақстанның салық заңнамасы қызмет көрсететін немесе тауарларды қолма-қол ақшамен сатумен айналысатын кәсіпкерлерді БКМ қолдануға міндеттейді. Бұл ақшалай түсімдердің есебін жүргізу үшін қажет, ал чек сатып алу-сату шартының бір түрі және сатып алушы үшін кепілдік болып табылады.
БКМ-ге қойылатын талаптар
Бақылау-касса машиналарын қолдану кезінде мынадай талаптар қойылады:
1) бақылау-касса машинасын ақшалай есеп айырысуларға байланысты қызмет басталғанға дейін салық органында есепке қою жүзеге асырылады;
2) Бақылау-касса машинасының чегін немесе тауар, жұмыс, қызмет үшін төленген сомаға тауар чегін беру жүзеге асырылады;
3) салық органдарының лауазымды адамдарының бақылау-касса машинасына қолжетімділігі қамтамасыз етіледі.
БКМ қолданған кезде тауарға, жұмысқа, қызметке төленген сомаға БКМ чегін немесе тауар чегін беру жүзеге асырылады.
БКМ чегі қағаз түрінде не электрондық түрде берілген сатушы (тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті беруші) мен сатып алушы (клиент) арасында ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру фактісін растайтын БКМ бастапқы есепке алу құжаты болып табылады.
Бақылау-касса машинасының чегінде мынадай ақпарат болуы тиіс:
1) салық төлеушінің атауы;
2) салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі;
3) бақылау-касса машинасының зауыттық нөмірі;
4) салық органындағы бақылау-касса машинасының тіркеу нөмірі;
5) чектің реттік нөмірі;
6) тауарларды сатып алу, жұмыстарды орындау, қызметтер көрсету күні мен уақыты;
7) бірлік үшін тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің бағасы;
8) фискалдық белгі;
9) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машиналарының бақылау чегінің түпнұсқалығын тексеру үшін фискалдық деректер операторының атауы және фискалдық деректер операторының интернет-ресурсының деректемелері;
10) тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің атауы;
11) сатып алынатын тауардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің саны, олардың өлшем бірлігі;
12) тауарды, жұмысты, көрсетілетін қызметті сатудың жалпы сомасы;
13) егер салық төлеуші қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда – тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді өткізу жөніндегі қосылған құн салығы салынатын айналымдар бойынша мөлшерлемені көрсете отырып, қосылған құн салығының сомасы;
14) бақылау-касса машинасын пайдалану орнының мекенжайы;
15) бақылау-касса машинасының чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих-код.
9) және 15) тармақшаларында көрсетілген ақпарат деректерді беру функциясы жоқ бақылау-касса машиналарының чектерінде көрсетілмейді.
Екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасының резидент емес банктерінің филиалдары және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар қолданатын аппараттық-бағдарламалық кешендердің бақылау чегінің нысаны мен мазмұнын уәкілетті органның келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілейді.
Деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ чегі сатып алушының (клиенттің), тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді алушының талабы бойынша сатып алушының (клиенттің), алушының сәйкестендіру нөмірін қамтуы тиіс.
Бұл ретте, 2022 жылдан бастап үлгілері Мемлекеттік тізілімге енгізілген деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар БКМ қолданатын кәсіпкерлер сатып алушының сәйкестендіру нөмірін енгізу функциясын қоса отырып, БКМ қайта бағдарламалауы қажет.
Осылайша, төлем карточкаларын және (немесе) мобильді төлемдерді пайдалана отырып, электрондық сауда алаңы (ЕДБ веб-сервистері, Kaspi pay, Каспи дүкен және т.б.) арқылы төлемді қабылдау кезінде сатушы сатып алу жасалған күні тауар, жұмыс және қызмет үшін төленген сомаға чек беруге міндетті.
Банк шотына аудару жолымен қолма-қол ақшасыз тәсілмен төлем жүзеге асырылған жағдайда БКМ қолдану бойынша міндеттеме жоқ екенін қосымша хабарлаймыз.
Онлайн - БКМ қолданудың артықшылықтары
Онлайн-БКМ қолданатын салық төлеушілер үшін:
- ақшалай есеп айырысу кітабын толтыру бойынша талап жойылды;
-онлайн-БКМ бұзылған кезде пломбаны ашуға салық органының рұқсатын алу үшін салық органына жүгіну қажеттілігі жоқ;
- фискалдық деректер операторының сайтындағы жеке кабинет арқылы кассаларды қашықтықтан бақылау мүмкіндігі бар;
- "БКМ есептен шығару және қою" мемлекеттік қызметі автоматтандырылды;
Сатып алушылар үшін ФДО сайтында БКМ чегінің түпнұсқалығын тексеру мүмкіндігі бар.