Date of publication: 20.12.2016 11:54
Date of changing: 20.12.2016 11:56

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ

 

Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты ұйымда жалған жұмыскерлерді тіркеп қаражат ұрлау анықталды

 

2016 жылғы 21 қарашада Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Экономикалық тергеулер қызметі ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Өсімдіктердің карантині республикалық орталығы» РММ қызметкерлеріне қатысты ірі көлемде бюджет қаражатын ұрлау фактісі бойынша соталды тергеуді бастады.

Оларға 2014 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін аталған мемлекеттік мекемеге қағаз жүзінде 15 адамды жұмысқа қабылдап, олардың жалақысын алып отырған деген күдік тағылуда.

Алдын-ала залал мөлшері 10 млн.теңгені құрап отыр.

Оған қоса, жұмысқа жалған қабылданған тұлғаларды қызметтік іс-сапарларға жіберу құжаттары табылды.

Мәселен, Өсімдіктердің карантині республикалық орталығын тінту барысында басшының қолы мен мөр қойылған, бірақ толтырылмаған жұмысқа қабылдау туралы арыздардың, іс-сапар куәліктерінің бланкілері және еңбек кітапшалыры, сондай-ақ карточкалық шот ашу туралы келісім-шарттар мен пластикалық төлек карталары табылды.

Қылмыстық істің тергеуі жалғасуда, нәтижесі жұртшылыққа жеткізілетін болады.

 

 

 

 

ҚР Қаржы министрлігінің

Мемлекеттік кірістер комитетінің

Баспасөз қызметі

 (Бейбітшілік 10)