
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы автомобильді ұтысқа салды
Ағымдағы жылғы 23 желтоқсанда ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде «Чекті талап ет – сыйлықты ұтып ал!» акциясы бойынша бас финал өтті. Онда бас сыйлық – Chevrolet маркасының автомобилі ұтысқа түсті.
Естеріңізге салсақ, ағымдағы жылғы 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында МКК мен «Атамекен» ҰКП бірлесіп, республика бойынша «Чекті талап ет – сыйлықты ұтып ал!» акциясын өткізген болатын.
27 мыңдай қазақстандық акцияға қатысып, «Wipon» мобильді қосымшасы арқылы мемлекеттік кірістер органдарына 1,5 млн. аса фискалды чек жіберген.
Азаматтар өздерінің белсенді әрекеті арқылы салықтық заңнаманың орындалуына қоғамдық бақылау жасау мүмкіндігіне ие болды.
МКК Төрағасы Ардақ Теңгебаев соңғы жылдары Комитет көлеңкелі экономикамен күреске азаматтарды кеңінен тартып жатқандығы, яғни қоғамдық бақылауға жағдай жасалып жатқандығы туралы айтты.
Акция өткен екі жарым ай ішінде республика бойынша 120-дан аса құнды жүлде ұтысқа салынды, оның ішінде тұрмыстық және оргтехника, байланыс құралдары мен ыдыс-аяқ бар. Чектердің ең көп санын Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Алматы қаласының тұрғындары жіберген.
МКК Төрағасы «Атамекен» ҰКП акцияны өткізуге қолдау жасағаны үшін, азаматтарға – акцияға белсенді қатысқандары үшін, сондай-ақ салық төлеушілерге адал өз салықтық міндеттерін атқарып жүргендігі үшін алғысын білдірді.
«Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Мұрат Әбенов өз кезегінде түбіртекті талап ету әдеті адамдарымыздың азаматтық сауаттылығын көрсететіндігін атап өтті.
Ол барлық қазақстандықтарды түбіртек талап етуге, ал бизнесті салық төлеуге шақырды. «Сонда біздің жүлдеміз – еліміздің дамыған экономикасы болады», - деді М.Әбенов.
«Атамекен» ҰКП ұсынған автомобильдің ұтысына 1 қазан мен 15 желтоқсан аралығында келіп түскен барлық чектер қатысты.
Жеңімпазды анықтау үшін кез-келген чекті таңдайтын арнайы компьютерлік бағдарлама қолданылды.
Ұтыс барынша ашық және объективті өткізілді. Оны жұртшылық, бизнес қауымдастығы мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінен тұратын арнайы комиссия бақылады.
Автомобильдің иесі Петропавл қаласының тұрғыны «Қазақтелеком» АҚ жетекші логистигі Равиль Хайруллин атанды.
Ұйымдастырушылар жақсы хабарды айту үшін жеңімпазға бірден қоңырау шалды.
Бас сыйлықпен қатар 100 мың және 300 мың теңгенің ақшалай сертификаттары да ұтысқа салынды.
Оларды иесі Алматы қаласының тұрғыны Қуаныш пен Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Сәкен иеленді.
Аталмыш акция екінші жыл өткізіліп отыр. Өткен жылы автмобильді Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкері ұтқан болатын.
Келесі жылы да акция жалғасын табатын болады.
ҚР Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі
(Бейбітшілік 10)