Date of publication: 30.06.2023 19:54
Date of changing: 30.06.2023 19:57

       Эксперимент кедендік декларациялауды жеңілдетіп, көлеңкелі экономиканы қысқартуға, кедендік қойма арқылы транзиттік жүк айналымын көбейтуге, интернет-дүкендерден тауарларды жеткізу уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

     «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2023 жылғы                     19 сәуірдегі № 223-VII ҚРЗ Заңымен Кеден кодексіне Қазақстанда сыртқы электрондық сауда саласында тауарлармен эксперимент жүргізуді көздейтін түзетулер енгізілді. Жаңашылдық 2023 жылдың 20 маусымынан бастап күшіне енді. Қазіргі уақытта аталған экспериментті өткізудің тәртібі әзірленуде.

    Аталған түзетулер «Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде сыртқы электрондық сауда саласында тауарлармен пилоттық жобаларды (эксперименттерді) жүргізудің жекелеген мәселелері туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі                     № 7 Өкімін орындау мақсатында енгізілді.

     Эксперименттің мақсаты жеке тұлғалар шетелдік интернет-алаңдарда (интернет-дүкендерде) сатып алған және Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) кедендік аумағына халықаралық почта жөнелтімдерінде және экспресс-тасымалдаушыларда әкелінетін жеке пайдалануға арналған тауарларға қатысты кедендік операцияларды жетілдіру болып табылады.

     Эксперимент жүргізу кезінде кедендік әкімшілендірудің мынадай ерекшеліктері бекітілді;

  • электрондық сауда тауарлары жеке санатқа бөлінеді;
  • тауарды сатып алушы-жеке тұлғаның атынан тауарлардың осы санатын кедендік декларациялауды қамтамасыз ететін электрондық сауда операторларының институты енгізіледі;
  • эксперимент жүргізілетін өңірлер айқындалады;
  • экспресс-жүктер үшін тауарларға арналған декларацияны пайдалана отырып кедендік декларациялаудың және электрондық сауда тауарларына қатысты техникалық регламенттерді сақтаудың хабарлама жасау тәртібін қолданудың ерекшеліктері айқындалады;

     ЕАЭО Бірыңғай кедендік тарифінің мөлшерлемелері бойынша тауарларды, кедендік төлемдерді, салықтарды төлей отырып және тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып алушыларға жедел жеткізу үшін операторлардың кеден қоймаларынан электрондық сауда тауарларын жеке тұлғаларға өткізу мүмкіндігі беріледі;

      Эксперимент жүргізудің қолданыс мерзімі – 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін. ЕАЭО және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасында көрсетілген мерзімге дейін жеке тұлғалар шетелдік интернет-алаңдарда (интернет-дүкендерде) сатып алатын тауарларды оларды реттеу ерекшеліктерін айқындай отырып, жеке блокқа бөлу жоспарлануда.