ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Баспасөз релизі
Экономикалық тергеу қызметі 21 жасырын казино қызметінің жолын кесті
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің (бұдан әрі - Комитет) құрамына кіретін экономикалық тергеу қызметі еліміздің экономикалық қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіретін «көлеңкелі» экономикамен белсенді күрес жүргізуде. Оның негізгі құрастырушыларының бірі заңсыз ойын бизнесі болып табылады.
Мұндай қылмыстарды анықтау, жолын кесу және ашу бойынша жұмыс ерекше бақылауда тұр. Мәселен, 6 айдың ішінде Комитеттің Экономикалық тергеу қызметінің (бұдан әрі - ЭТҚ) өндірісінде 292 қылмыстық іс болды, оның ішінде 141 қылмыстық іс өндіріспен аяқталды, 89 іс сотқа жолданды.
Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру фактілерінің көбі Республиканың оңтүстік өңірлерінде, атап айтқанда Алматы қаласында (73), Оңтүстік Қазақстан (29), Жамбыл және Қызылорда облыстарында (24) жолы кесілді.
ЭТҚ 21 жасырын казиноның, 63 онлайн-казиноның, 40 ойын автоматтары залдарының қызметін тоқтатты. 13 млн. астам теңге, 500 ойын автоматтары, 550-ге жуық терминал, 18 покер үстелі (оның ішінде покер ойынына арналған 2 сукна), 12 рулетка, 9 мыңнан астам фишка, 35 ойын картасының колодасы, 607 бірлік компьютерлік техника алынды.
«Көлеңкелі» бизнеске қарсы іс-қимылдың аса тиімді механизмдерін әзірлеу үшін ЭТҚ елге казино және ойын залдарына арналған жабдықтарды әкелетін тұлғаларды, оларды әкелу тәсілдерін, республика бойынша тауардың одан кейінгі қозғалысын анықтау (сертификаттаудан өту, іске асырылуы) бойынша жұмыстарды тұрақты негізде жүргізеді. Аталған жабдық Қазақстанға жеткізілген сәттен бастап бақылауды жүзеге асыру заңсыз ойын бизнесін жүргізетін компанияларды анықтауға мүмкіндік береді.
Бұған қоса, ЭТҚ заңсыз ойын бизнесі саласындағы құқық бұзушылықтарды алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстарға ерекше назар аударуда. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 200-бабына сәйкес қылмыстық құқық бұзушылықтар және басқа да заң бұзушылықтар жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнiндегi ұсыну енгізіледі, сондай-ақ дәрістер, әңгімелер жүргізіледі, көпшілікке қолжетімді орындарда ақпараттық баннерлер орналастырылады, бейнероликтердің прокаты және т.б. жүзеге асырылады. Азаматтар экономикалық салада құқық бұзушылық фактілері туралы ақпараты бар хабарламаны жолдай алатын WhatsApp-та +77001020202 телефон нөмірі бойынша аккаунт ашылды.
Арнайы бөлiнбеген орындарда құмар ойындарына қатысқан тұлғаларды ҚР ӘҚбК 444-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тарту мәселесін шешу үшін материалдарды уәкілетті органдарға жолдау практикасы енгізілді.
ЭТҚ қызметкерлері, қабылданып жатқан шаралар Республика аумағында заңсыз ойын ғимараттары қызметінің жолын кесуге елеулі дәрежеде ықпал етеді деп пайымдайды.
ҚР ҚМ МКК Баспасөз қызметі