
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚАРЖЫ МИНИСТРЛІГІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК КІРІСТЕР КОМИТЕТІ
Баспасөз-релизі
Мемлекеттік кірістер комитетінде интернет сауданы салықтық әкімшілендіру және оның аудиті мәселелерін талқылады
2016 жылғы 25-26 қазанда ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде «Интернет сауданың әкімшілендірілуі және аудиты» тақырыбында семинар өтуде.
Бұл жиын электрондық коммерциялық мәмілелерден қосымша құн салығын жинау проблемаларына, сондай-ақ электрондық саудаға салық салудың халықаралық тәжірибесіне арналады.
Семинар жұмысына Электрондық коммерция және әмбебап сатылымдар ассоциациясының бас хатшысы Мауритс Бруггинк, Ресей Федерациясының Интернет саудасы ассоциациясының атқарушы директоры Артем Соколов пен Қазақстан Интернет-Ассоциациясының басшысы Шавкат Сабиров, сондай-ақ ҚР ҚМ ММК лауазымды тұлғалары қатысуда.
Отырысты ҚР ҚМ МКК төрағасының орынбасары Арғын Қыпшақов ашты. Ол тұтынушылар мен кәсіпкерлер үшін интернет саудасының артықшылықтары туралы айтып берді. Сонымен бірге, интернет арқылы жасалатын сауданы салықтық әкімшілендіру кезінде туындайтын мәселелерді тізбектеп берді.
А.Қыпшақов семинарда Қазақстандағы интернет сауда субъектілеріне салық салудың заңнамалық негізін қалыптастыруда қолданылатын европалық және ресейлік тәжірибе қарастырылатынын атап өтті.
Электрондық коммерция және әмбебап сатылымдар ассоциациясының бас хатшысы Мауритс Бруггинк европалық елдерде өзінің қызметін интернет арқылы жүзеге асыратын бизнесті салықтық әкімшілендірудің механизмдерімен бөлісті.
Өз кезегінде Ресей Федерациясының Интернет саудасы ассоциациясының атқарушы директоры Артем Соколов сыртқы экономикалық қызметтің барынша дамып келе жатқан арналарының бірі ретіндегі интернет саудаға қатысты мемлекеттік қолдаудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар, семинарда интернет саудасындағы тұтынушылардың құқықтарын қорғау және электрондық коммерциядағы төлем құралдары мәселелері қарастырылатын болады.
ҚР Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі
(Бейбітшілік 10)