
2023 жылғы 31 қаңтарда Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті пиязды тасымалдаған 2 ауыр жүк автокөлік құралының шығуына жол бермеді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Ақтөбе облысындағы "Жайсан" автомобиль өткізу пунктінде (Қазақстан-Ресей шекарасы) Шымкент қаласы мен Түркістан облысынан пиязды тасымалдаған 2 ауыр жүк автокөлік құралының шығуына жол берілмеді. Аталған автокөлік құралдарының жүргізушілеріне тыйым салынғаны туралы хабарланды.
Қазіргі уақытта пиязды жөнелтушілерге қайтару немесе оны Қазақстанның басқа облыстарында сату туралы мәселе шешілуде.
Сонымен қатар, 2023 жылғы 28 қаңтардан бастап 3 ай мерзімге Қазақстан Республикасының аумағынан пиязды әкетуге тыйым салынғанын хабарлаймыз (Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2023 жылғы 28 қаңтардағы №31799 бұйрығы).