
2022 жылғы желтоқсанда «Нұр жолы» өткізу пунктінде (2022 жылғы
19 желтоқсаннан бастап 27 желтоқсан кезеңінде) және «Б. Қонысбаев» өткізу пунктінде (2022 жылғы 21 желтоқсаннан бастап 27 желтоқсан кезеңінде) тауарларды шығарудың орташа уақытын айқындау бойынша іс-шаралар өткізілді. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінде хабарлады.
Зерттеу жүргізу «Сауда рәсімдерін оңайлату туралы» Дүниежүзілік сауда ұйымы келісімінің 7-бабы 6.1-тармағында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау және агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеттерінің бірлескен бұйрығында көзделген.
Автомобиль өткізу пункттерінде тауарларды шығарудың орташа уақыты уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде тиісті кедендік рәсімде тауарлар шығарылғанға дейін шекаралық және кедендік бақылау аймағында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктіне автокөлік құралдары кірген сәттен бастап есептеледі.
Бұл ретте тауарларды шығарудың орташа уақытына мемлекеттік бақылаудан (шекаралық, кедендік, көліктік, ветеринариялық, фитосанитариялық, санитариялық-карантиндық, радиациялық бақылау) және кедендік декларациялаудан өтуге жұмсалатын уақыт кіреді.
Зерртеу нәтижесі бойынша тауарларды шығарудың орташа уақыты «Нұр жолы» өткізу пунктінде 1 сағат 30 минутты құрады, ал «Б. Қонысбаев» өткізу пункттінде 1 сағат 35 минутты құрады.
Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық учаскесіндегі өткізу пункттерінде тауарларды шығарудың орташа уақытын айқындау жарты жылда бір рет жүргізілетін болады.