
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік кірістер комитеті
Баспасөз релизі
Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» республикалық акциясының жеңімпазы Кәкенова Орынбала Айтбайқызына автокөліктің кілтін табыстады
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы Сұлтанғазиев Марат Елеусізұлы «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен өткізіліп жатқан «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» республикалық акциясының жеңімпазы Кәкенова Орынбала Айтбайқызына автокөліктің кілтін табыстады.
Марат Елеусізұлы жеңімпазды құттықтап, мемлекетіміздің салық түсімінің молаюына қосқан үлесі және азаматтық позициясын білдіргені үшін алғысын білдірді.
Өз кезегінде жеңімпаз атанған Орынбала Айтбайқызы Мемлекеттік кірістер комитеті мен «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына ризашылығын және қарапайым ауыл тұрғындарына осындай ұтыс алуына мүмкіндік бергені үшін алғысын білдіріп, Комитеттің еліміздің қазынасын толтырудағы елеулі еңбегіне жетістіктер тіледі.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 26 желтоқсанында, Астана қаласында «Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясының қорытынды ұтысы өткізілген болатын. Ұтыс ойнату барысында Акцияның жеңімпаздары жүйенің кездейсоқ таңдауы үрдісімен анықталды.
Бас жүлде – Қазақстан Республикасының жетекші автопромы «Азия- Авто» АҚ-ның автокөлігін Алматы облысы Іле ауданы Байсерке ауылының тұрғыны Кәкенова Орынбала Айтбайқызы жеңіп алды. Бақытты чектің сомасы – 360 теңге.Акцияда қатысу үшін жіберілген чектер саны – 2516. Осыған дейін аумақтық ұтыс ойындарында Какенова О. мультиварка ұтып алған болатын.
Бірінші ынталандыру сыйлығы - «теледидарды» Астана қаласының тұрғыны Ысқақова Ұлдай ұтып алды. Чектегі сома – 585 теңге. Акцияда қатысу үшін жіберілген чектер саны – 2425.
Екінші ынталандыру сыйлығы - «планшетті» Алматы қаласының тұрғыны Оханова Айнұр ұтып алды. Чектегі сома – 429 теңге. Акцияда қатысу үшін жіберілген чектер саны – 1196.
Сондай-ақ, акцияның мобильді қосымшасының талдау орталығы деректеріне сәйкес «Ең белсенді салық төлеуші» номинациясында жеңімпаз ретінде Қозғамбаева Жанар есімді Түркістан облысының тұрғыны айқындалды, ынталандыру жүлдесі – планшет. Ол жылдың басынан бастап, 91 мыңнан аса чек жіберген.
Бұдан басқа, салық төлеушілердің бақылау-кассалық тәртібін сақтау бойынша қоғамдық бақылаудағы белсенді азаматтық ұстаным үшін Алматы қаласының тұрғыны – Шин Антонға алғыс жарияланды, ынталандыру жүлдесі – мобильді телефон.
«Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясы ағымдағы жылдың 21 мамырынан 30 қарашасына дейінгі мерзімде өткізілгенін еске салайық. Осы кезеңде барлық облыстар мен Астана және Алматы қалаларында жүлделердің ұтысы мен оларды табыстау өткен болатын.
Акция өткізілген кезеңде 30 мың азаматтан шамамен 2,3 млн. чек қабылданды. Чектердің басым бөлігі Алматы қаласы мен Түркістан облысынан жіберілді. Жалпы республика бойынша 300-ге жуық жүлде ойнатылды.
Акция тауарларды сатып алғаны, жұмыстарды орындағаны және қызметтерді көрсеткені үшін ақшалай есеп-айырысулар кезінде кәсіпкерлердің түбіртектерді беруіне қатысты бақылау-кассалық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталғанын ескерсек, ҚР-да ағымдағы жылдың
9 айында барлығы 1,2 млн. дара кәсіпкер, ағымдағы жылдың 21 қарашасындаға жағдай бойынша 97,1мың бақылау-касса машиналары тіркелген.
«Түбіртекті талап ет – жүлдені ұтып ал!» акциясы ағымдағы жылғы мамыр айынан басталды және Мемлекеттік кірістер комитеті «Атамекен» ҰКП-ның қолдауымен Wipon компаниясының мобильді қосымшасын пайдалану арқылы іске қосылған болатын. Аталған мобильдік қосымшаны Apple App store және Google Play market арқылы тегін жүктеуге болады.
Wipon мобильді қосымшасы арқылы тек аталмыш акцияда қатысуға ғана емес, сондай-ақ фискалды чекті бермеген жағдайда шағымдануға болады.
ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің
Баспасөз қызметі
(Жеңіс д., 11)