
2021 жылғы 26 қарашада ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінде "Салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыру барысы туралы" тақырыбында ҚР Парламенті Мәжілісінің Қаржы және бюджет комитетінің көшпелі отырысы өтті. Отырысқа Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы М.Құсайынов, депутаттар Д.Еспаева, Д.Әлімбаев, А.Бойчин, А.Жұмабаева, Ю.Ли, Қ.Нұров, С.Симонов, Қаржы вице-министрі Б.Қожахметов, Мемлекеттік кірістер комитетінің Төрағасы А. Алтынбаев және оның орынбасарлары қатысты.
"Мемлекеттік кірістер комитетінің басымдықтарының бірі салықтық және кедендік әкімшілендіруді трансформациялау болып табылады. Біз заңға бағынатын салық төлеушілер мен барлық нормаларды сақтағысы келетін, бірақ жеткілікті хабардар етілмеген сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау қажеттілігінің маңыздылығын түсінеміз. Сондықтан ақпараттық материалдар БАҚ-та тұрақты негізде жарияланады, әлеуметтік желілерде кері байланыс орнатылып, Байланыс орталығы құрылды", - деп атап өтті вице-министр Бақтияр Қожахметов.
МКК төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаев "Тәуекелдерді басқару жүйесінің", "Электрондық шот-фактуралар" жүйесінің жұмысымен, сондай-ақ навигациялық пломбалардың, жеке тұлғаларға арналған "E-salyq Azamat" және жеке кәсіпкерлерге арналған "E-salyq Business" мобильді қосымшаларының жұмысымен таныстырды.
Спикер «ЭШФ» жүйесін енгізу тәуекелдерді басқару жүйесін қайта қарау және ЭШФ-дан алынған деректерді ескере отырып, камералдық бақылау есебінен қосылған құн салығынан түсімдердің өсуін 1,5 есеге арттыруға мүмкіндік бергенін атап өтті. Енді ЭШФ-ны жедел талдаудың арқасында Комитет ерте кезеңде жалған шот-фактураларды анықтайды. Қазіргі уақытта жүйеде 780 млн. ЭШФ рәсімделген.
Жүк көліктерінің қозғалысын бақылау және қадағалау үшін 2020 жылы «Көлік пен жүктің спутниктік мониторингі жүйесі» бақылау-ақпараттық жүйесі әзірленді. Спутниктік бақылау жүйесі нақты уақыт режимінде көліктердің жүру бағытын қадағалауға мүмкіндік береді, сонымен қатар пломбаны бұзу, маршруттан ауытқу және т.б. сияқты штаттан тыс жағдайларға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Навигациялық пломбаларды пайдалану нәтижесінде, Қазақстан Республикасының жалған алушылардың мекен-жайына тауарлар импорты 53 есеге азайған.
Жеке тұлғалардың салық төлеуін жеңілдету мақсатында «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасы жасалды. Бүгінде қосымшаны 780 мың азамат пайдаланады. Салық әмиянының толтырылуын 104 мың адам 116,4 млн.теңгеге, автоматты есепке жатқызу 26 мың адамға 24,3 млн.теңгеге жүргізді. Сондай-ақ 599,3 млн теңге сомасындағы артық төлемді 21,6 мың пайдаланушы пайдаланған. Салық салу объектілері туралы ақпаратты түзету қызметін 14 мың азамат пайдаланды (көлік – 10 609, жылжымайтын мүлік – 375, жер учаскелері – 2 994).
Сондай-ақ, кәсіпкерлер үшін салықтық міндеттемелерді орындау процесін жеңілдетуге арналған «e-Salyq Business» мобильді қосымшасы әзірленді. Қосымша дара кәсіпкер ретінде онлайн тіркелуге, кірістер тізілімін жүргізуге, салықтар, әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді автоматты түрде есептеуге және салық есептілігін алдын ала толтыруға, салықтарды ыңғайлы төлеуге, анықтамалар мен хабарламаларды алуға, сондай-ақ оңайлатылған тәртіпте кәсіпкерлік қызметті тоқтатуға мүмкіндік беріп, деректерді өңдеу мақсатында интернет-алаңдармен және банктік қосымшалардан интеграция қарастырылған.
МКК Бақылау департаментінің директоры Елдос Саудабаев нақты уақыт режимінде "АСТАНА-1" электрондық кедендік декларациялау жүйесінің, экспорттық және импорттық операциялар бойынша "Бірыңғай терезе" жүйесінің, шекарадағы электрондық кезек жұмысын көрсетті.
Тауарларды кедендік рәсімдеу процедурасында оңайлату үшін экспорттық-импорттық операциялар бойынша "Бірыңғай терезе" ақпараттық жүйесі құрылды, оны енгізу арқылы қызмет көрсету мерзімі қысқартылды. Мысалы, Денсаулық сақтау министрлігінің қызметі бойынша 30 күннен 15 күнге дейін, Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметі бойынша 5 күннен 2 күнге дейін, алдын ала кедендік шешімдер 20 күннен 10 күнге дейін мерзімі қысқарған. Порталдың негізгі мақсаты бұрын әртүрлі ақпараттық жүйелерде болған ақпарат пен функцияларды бір жерге біріктіру болып табылады.
Кедендік тазартудың өзі "АСТАНА-1" ақпараттық жүйесінде жүргізіледі, жүйенің арқасында кедендік декларациялау 100% электронды түрде тапсырылады. Бүгін сыртқы экономикалық қызметке қатысушы декларацияны кез келген өзіне ыңғайлы уақытта, әлемнің кез келген нүктесінен тапсыра алады. Егер бұрын осыған орташа есеппен санағанда бір сағаттан екі күнге дейін уақыт кетсе, қазір барлық декларациялардың 82% - ы 1 минутта шығарылады.
Бизнеске қолайлы жағдай жасау үшін «Бақылау пунктінен өту кезінде электронды кезек жүйесі» енгізілді. Бүгінде Еуропа елдерінде мұндай жүйе сәтті қолдануда және тиімділігін көрсетті. Онда тасымалдаушылар шекарада кезекте тұрмайды. Олар шекарадан өту уақытын алдын ала брондап, уақыт пен ақшаны үнемдей отырып, белгіленген уақытта келеді. Осындай тиімді халықаралық тәжірибені ескере отырып, «Нұр жолы» және «Б. Қонысбаев» өткізу бекеттерінде пилоттық режимде электронды кезек енгізілді.
Жалпы алғанда, Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы М.Құсайынов МКК-нің ақпараттық жүйелері дамуының оң динамикасын атап өтіп, салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруды адамдарға ыңғайлы болатындай бағытта дамытып, салық төлеу мен басқа да салықтық міндеттемелерді орындауды салық төлеушілер үшін барынша ыңғайлы етуге кеңес берді.