Жарияланған күні: 16.06.2023 10:44
Өзгертілген күні: 16.06.2023 11:19

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті делегациясының ҚХР-ға жұмыс сапары аясында 2023 жылғы 12 маусымда Бейжің қаласында Қ Р ҚМ МКК төрағасының орынбасары  Бақытжан Слямов «Nuctech Company Limited» басқарма төрағасы Чен Чжицянмен кездесті.

      Тараптар Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасының қазақстандық учаскесінде және Астана қаласындағы Бас диспетчерлік басқармасында орналасқан өткізу пункттерін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру жобасын іске асыру бойынша жүргізіліп жатқан бірлескен жұмыстарды талқылады.

      Чен Чжицян пандемияның жобаны жүзеге асыруға кері әсерін тигізгеніне қарамастан, компания барлық міндеттемелерді сапалы және уақытылы орындауға бар күш-жігерін салатынына сендірді.

      Б.Слямов қазақстандық тараптың қосымша өткізу пункттерін жаңғырту бойынша орта мерзімді жоспарлары туралы хабардар етіп, «Nuctech Company Limited» компаниясымен одан әрі тиімді ынтымақтастыққа үміт білдірді.

       Келіссөздер қорытындысы бойынша делегация басшылары инфрақұрылымдық жобаның маңыздылығын атап өтіп, өткізу пункттерін жаңғырту шекарадағы тиімді мемлекеттік бақылауға және өткізу қабілетін арттыруға ықпал ететініне сенім білдірді.

       Сондай-ақ, сапар барысында Қытай Эксимбанкінің және Яньшань теңіз жүк портының басшылығымен кездесу жоспарланған.