
30.05.2022 жылы сағат 08:30 шамасында Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің «Жібек Жолы» кеден бекетінде кедендік тексеру барысында «Жібек Жолы» кеден бекетінің және Экономикалық тергеу департаментінің маманы-кинолог қызметкерлерімен Өзбекстан Республикасының 1963 жылы туылған D. азаматы тоқтатылды. Аталған азамат «NUCTECH BX1000» сканерімен тексеріліп, ішкі киімінің ішінен жасыл түсті зат табылған. Бұл туралы Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінде хабарлады.
Заң бұзушы Қазақстаннан Өзбекстанға өтпек болған. Айғақ ретінде D. азаматынан алынған күдікті зат ҚР Әділет министрлігінің Сараптама орталығы сот сараптама институтының Сарыағаш бөлімшесіне жіберілген болатын.
ҚР ӘМ Сараптама орталығы, сот сараптама институтының Сарыағаш бөлімшесінің 31.05.2022 жылғы сараптамасына сәйкес, салмағы 56,9158 грамм «гашиш» есірткі заты анықталды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінің 286-бабымен қылмыстық іс қозғалды.