Жарияланған күні: 15.12.2022 21:18
Өзгертілген күні: 15.12.2022 21:55

Қазақстан Республикасында салықтық реттеудің нормативтік- құқықтық базасының қалыптасуы салық жүйесінің дамуымен бір мезгілде қалыптасты. Қазақстан Республикасының Салық туралы кодексі салық қатынастарын реттейтін Қазақстан Республикасының заңнама жүйесіндегі кодификацияланған актілердің бірі болып табылады.

Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігін алғаннан кейін, еліміздің алдында сол кездегі нарықтық қатынастардың жаңа талаптарына сай келетін тәуелсіз экономиканы қалыптастыру міндеті тұрды. Қазақстанның бүкіл экономикалық жүйесі тәуелсіздігінің басты шарттарының бірі ретінде тәуелсіз салық жүйесін құру мәселесі ерекше орын алды.

Мемлекеттің  сол кезеңдегі салық саясатының басым міндеті нарықтық экономиканың қалыптасуы үшін қолайлы қаржылық жағдай жасау, сондай-ақ шетелдік инвестицияларды тарту, оның ішінде әсіресе экономика өсуінің басты факторы ретінде шикізат секторына инвестиция тарту маңызды болды.

Салық кодекстерін қабылдау негіздерінде Қазақстанның салық жүйесін бүгінгі күнге дейін дамытуды 4 кезеңге бөліп қарауға болады.

Бірінші кезең – 1991-1995 жж. Бұл кезеңде Қазақстанның тәуелсіз салық жүйесін қалыптастыру басталды. ТМД елдері арасында алғашқы боп арнайы салық органы-Бас мемлекеттік салық инспекциясы құрылды, сондай-ақ салық салуды реттеу жөніндегі заңдар жинағы қабылданды. «Қазақстан Республикасындағы Салық жүйесі туралы» Заң сол кезде негізгі нормативтік-құқықтық акт болды, бұл құжатта салық салудың негізгі қағидаттары айқындалды. Заң шеңберінде барлығы - 43 салық, оның ішінде 16 жалпымемлекеттік, 10 жалпыға міндетті жергілікті, 17 жергілікті салық көзделді. Бұл кезең еліміздің салық жүйесін одан әрі дамытудың негізін салды. Салық заңнамасының бұл кезеңдегі түрі әрі күрделі, әрі жүйесіз еді, сонымен қатар ол 45 жеке заң мен ҚР Президентінің үш жарлығынан тұратын.

Екінші кезең -  1995-2002 жж.Салықтық әкімшілендіру жүйесін одан әрі оңтайландыру, сондай-ақ нарықтық қатынастарды дамытуға неғұрлым қолайлы жағдай туғызу мақсатында Қазақстан Республикасының алғашқы Салық кодексі әзірленіп, қабылданды. Қазақстан Республикасы Президентінің «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Жарлығы (Салық кодексі) 1995 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енді, сонымен қатар ол ТМД елдері арасында тұңғыш қабылданған Салық кодексі болып танылды, жаңа Кодексте салықтар мен алымдардың 11 түрі айқындалды. Қабылданған Кодекстің негізгі оң тиімділігі кәсіпорынға түсетін салық санын 75-85-тен 45-55% - ке дейін қысқарту арқылы салық жүктемесін азайту болды.

2000 жылдардың басында Қазақстанда салық органдарының қызметін және салық заңнамасын қайта қарау бойынша көптеген жұмыстар атқарылды, сондай-ақ бизнес процестерді автоматтандыру жүргізілді. Бұл жұмыс Халықаралық Қайта Құру және даму банкі-Дүниежүзілік банкпен белсенді ынтымақтастықта жүргізілді. Реформаларды жүргізу кезінде Дүниежүзілік банкті серіктес ретінде тарту Қазақстанға салық жүйесінің озық халықаралық практикаларына қол жеткізуге мүмкіндік берді. Сайып келгенде, интеграциялық салықтық ақпараттық жүйе (БСАЖ) сияқты Ақпараттық жүйелер пайда болды. Салық төлеушілер ҚР жетекші банктерінің интернет сервистері арқылы бюджетке салық төлеу мүмкіндігіне қол жеткізді.

Үшінші кезең - 2002-2008 жж. Бұл кезеңде еліміздің экономикасы жаңа экономикалық санаттарды енгізуге байланысты салық реформалары бойынша көптеген шараларды іске асыруды талап етті. Мысалы, зейнетақы жүйесін құру, сондай-ақ көптеген басқа қаржы құралдарының, сондай-ақ экономиканы әртараптандыру және индустриялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардың пайда болуы осыған тікелей байланысты болды. 2002 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген жаңа Салық кодексін әзірлеу қажеттілігі туды.

Төртінші кезең - 2009-2016 жж. жаңартылған салық заңнамасын құру туралы тапсырмаға негізделе отырып Жаңа Салық кодексі әзірленіп, 2008 жылдың желтоқсанында қабылданды. Жаңа кодекс экономиканы одан әрі әртараптандыруға, сондай-ақ көлеңкелі экономиканың үлесін азайтуға мүмкіндік жасауға тиіс болды. Бұл кезеңнің ерекшелігі ҚҚС мөлшерлемесін төмендету, акциздерді төлеуді қайта қарау арқылы кәсіпкерлердің салық жүктемесін төмендету болып табылады, сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушыларға салық жүктемесін біртіндеп арттыру жүргізілді.

2014 жылдың желтоқсанында ҚР Үкіметінің қаулысымен салық және кеден органдары бірыңғай мемлекеттік орган - Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кірістер комитеті болып қайта ұйымдастырылды, оған экономикалық және қаржылық қылмыстарды тергеу бойынша функциялар берілді.

Бесінші кезең-2017жылдан бүгінгі күнге дейінгі уақыт. Қазіргі таңда салық қатынастары 2017 жылы қабылданған Кодекспен реттеледі. Реттеуші орган Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті болып табылады.

Кодексте шағын бизнес қызметін салықтық реттеу жүйесін жетілдіруге бағытталған белгілі бір прогрессивті шаралар көзделген. Олардың ішіндегі ең маңыздысы шағын бизнес субъектілеріне, шаруа қожалықтарына, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілердің заңды тұлғаларына қатысты салық салудың ерекше жеңілдіктерге ие тәртібін енгізу болып табылады.

Заманауи салық жүйесі қарқынды дамып келеді. Сонымен қатар салық жүйесінің тетіктері де жетілдірілуде. Экономиканың нақты секторының экономикалық өсуін ынталандыру салық салу тәртібін оңайлату, сондай-ақ салық жүктемесін азайту арқылы жүзеге асырылады. Ставкалардың оңтайлы мөлшерін іздеу мемлекет пен салық төлеушілер мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз етуі тиіс.